Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы,Ақшұқыр ауылы
М.Әбдіхалықов атындағы орта мектебінің
даярлық сынып мұғалімі,
Өтегенова Әйгерім Жаналықызы
Тақырыбы: «Мектепке дейінгі оқушылардың тілін дамыту»
Бүгінгі сайысты тамашалауға, сайысқа әділқазылық етуші алқа мүшелері мен барлық көрермендерге сәлем бере отырып, өзімді тыныстырып өтейін.
Мен Өтегенова Әйгерім кішкентайымнан киелі өлкем Маңғыстаудың топырағына аунап, ауасын жұтып өскенмін. Ата-бабаларымыз да өз тарихының тамырын кеңге жайған әулет. Тамырды бойлай өскен сабақ тәрізді бойыма ата-ананың өнегесі мен тәрбиесін сіңіре отырып, оқып, жетіліп өзімнің болашақ мамандығымды таңдадым. Күн сияқты айналасына жылуы мен шуағын жарқырай төгіп, жүректерге қуаныш сыйлай білетін, үлкен жүректілік пен ізгілікті талап ететін талант иесі болсам деген ой мені баламен жұмыс жасауға жетеледі.
Мен мектеп табалдырығын осы өз ауылымдағы М.Әбдіхалықов атындағы орта мектебінен аттадым. 9 сыныпты бітіре салысымен, Ақтау қаласындағы «Маңғыстау гуманитарлық колледжіне» оқуға түсіп, теориялық білім мен практикалық тәжірибемді шыңдап, мен сапалы маман болып, үздік дипломға тәмамдадым. Дипломды қолға алып, осы өзімнің Ақшұқыр ауылы М. Әбдіхалықов мектебінде қазіргі таңда «мектепке дейінгі даярлық тобының тәрбиешісі», яғни өз мамандығым бойынша жұмысқа орналастым.
Ендігі мақсатым - әлі хат танып, сауатын аша қоймаған, ақ парақтай, мұнтаздай тап-таза әр үйдің кішкентай ерке балапанадарына сапалы білім нәрін, шуағын бойына дарытып, тәрбиелеу және жан-жақты дайындау.
Әуелде жүрек қалауымен таңдаған мамандығымды Каспий жағасындағы Ақшұқыр ауылында өзім білім алған М. Әбдіхалықов атындағы орта мектептен бастадым. Ең алғашқы оқу іс-әрекетімді «1 қыркүйек- білім күнінен» бастап, мен өзімнің бойыма сіңірген білім мен меңгерген әдіс-тәсілдерімді қолданып, балаларды ұйымдастыра алдым. Бүгінгі таңда осы мектепте енді сауатын ашуға келген әр үйдің ерке бүлдіршіндерін қамқорлықпен және психологиялық тұрғыдан жанын түсініп, сабақты қызғылықты ұйымдастыра алдым. Мәселен, ата-аналармен жүргізілген жұмыстар, сауалнамалық сұрақтар арқылы баланың тәрбиесін, сондай-ақ, тілінің даму деңгейін анықтай алдым. Оны мына диаграмма арқылы байқауға болады.
Биыл мектебіме 70 жыл толып отыр. 70 жылдық тарихы бар мектебімді мақтан етемін. Жас мамандарға деген оң көзқараспен тәжірибелі ұстаздың тәрбиелеуімен мен де шыңдала түсіп, шығармашылыққа ұмтылып, шәкірттерімді соған баулыдым.
Мен тәрбиелеп оқытқан оқушыларымның алған жетістіктерін де мақтанышпен айта аламын. Оқушыларымның жетістіктері: 2012 жылы «Күз - береке бастауы» сайысында Бахитжан Бексұлтан мен Кадыркалы Гүлнәз «Бас жүлдеге» ие болды. Кадыркалы Гүлнәз «Күз аруы» номинациясымен марапатталды. «Тәуелсіздік тәубе етер жалғыз кием» атты мәнерлеп оқу сайысында Сембай Ақерке ІІ орын, «Табиғат-тал бесігім» атты сурет сайысынан Бақытжанқызы Шарқат ІV-орын алды. Мектепшілік «Ал қызыл гүл» фестивалінен Марат Нұрлыбек пен Сембай Ақерке ІІ орын алып, Марат Нұрлыбек «Өнерлі ұл» номинациясымен, ал мәнерлеп оқудан ерекшеленген Мергенбай Жансая
номинациямен марапатталды және 2013 оқу жылында «Күз - береке бастауы» сайысында «ІV» орынмен марапатталдық.
Зерттеп жүрген шығармашылық тақырыбым: «Мектепке дейінгі балалардың тілін дамыту» болғандықтан, осы тақырыпты негізге ала отырып, 2012-2013 оқу жылында «Ана-өмір гүлі», «Бірлігіміз жарасқан» атты сыныптан тыс шаралар және математика пәнінен «Қайталау» және «Мамандықтар» тақырыптарында ашық сабақтар өткізіп, әріптестерім арасында талданып, жақсы деп бағаланды.
Бала өмірге келген күннен бастап, айналасындағы қоршаған ортамен тығыз байланыста болады. Әр нәрсені ұстап, көріп, білуге талпынады. Естігенін ұғып, өз қабілетін жетілдіре түседі. Ол 2-3 жасқа келген соң, былдырлап тілі шығып, бірте-бірте сөйлеуі дами түседі.
Ол алдымен ата-анасынан өз ана тілінің алғашқы дыбыстарын естіп, құлағына сіңіре береді. Қоршаған ортамен, достарымен сөйлесудің қарапайым нормаға түсіп сұрыпталмаған түрін көп қолданып сөйлеседі де, балабақшаға келіп, тәртіп пен күн режимін түсініп, оған бейімделе бастайды. Сөздің де, сөйлеудің де өз орнымен айтылуы тиіс екенін ұғады. Тәрбиешімен танысып, оның жетелеуімен жаңа білімдер үйрене бастайды.
Әдетте, сөйлеу арқылы оқушының тілі дамиды. Ал, тіл дамыту жұмыстары ауызша, жазбаша жүргізіледі. Психологтар мен педагогтардың зерттеу қорытындысына қарағанда мектеке дейінгі 3-5 жас аралығында баланың зейіні өте ынталы болғандықтан, бұл кезеңді ынталы кезең деп атайды.
Менің зерттеп жүрген тақырыбым – оқушылардың ауызша сөйлеу тілін дамыту болғандықтан жұмыстарды осы бағытта жинақтадым.
Ең алдымен, тәрбиеші ұйымдастыру жұмыстары кезінде, әңгімелесу барысында баладан қойылған сұрақтарға толық жауап беруін, сөйлемді дұрыс құрап, сөздерді ашық айтуын, дауыс ырғағын келтіре сөйлеуін талап етеді. Баланың сөздік қорын дамытуға бағытталған бастапқы жұмыстар осылай басталып, сабақ барысында әрі қарай мақсатты түрде жалғастырылады.
Ауызекі сөздің жалпы міндеті – сөздің мағынасына түсініп, оны өз сөзінде дұрыс қолдану. Балалар байланыстырып, сөйлей білу үшін естігенін, оқығанын, түсінгенін анықтауға болады. Әдетте балалар басқалардың айтқөан әңгімесін тыңдай отырып, соларға еліктеп, өз түсінгендерін (сөз, сөз тіркесі, сөйлемдер) айтуға жаттығады. Демек, балаларға бірінші күннен бастап, қысқа сөйлемдер құрастырып, дағдыландырған жөн. Сондай-ақ, балалардың өз жолдастарының, тәрбиешінің, ата-аналардың, басқа топ балаларының алдында да сөйлетіп үйреткен пайдалы.
Балалар бертін келе, көркем әдебиеттен үзінділерді тыңдай отырып, сөйлеу дағдысына, сөздердің тура және ауыспалы мағынасын түсінуге қалыптасатын болады. Олар мазмұны жеңіл, мағынасы түсінікті, оқуға оңай мәтіндерден мәнерлеп оқуға жаттығады.(әңгіме, өлең,жұмбақ,ертегі,мақал, жаңылтпаш, т.б.)
Тіл дамыту арқылы балалардың ақыл-ойы кеңейеді, адамгершілік, эстетикалық тәрбие, бір-бірімен достық қарым-қатынас мәселелері де дұрыс жолға қойылады.
Тіл дамыту әдістері төмендегідей:
- Тәрбиешінің сөзі
- Әңгімелесу
- Салыстырмалы
- Кітап бойынша білімді меңгерту
- Көрнекілік
- Экскурсия
- Техникалық құралдарды пайдалану.
Тіл дамытудың негізгі міндеті – баланы өз ойын дұрыс айта білуге үйрету, оның ойлау қабілетін дамыту, өзін қоршаған заттар, құылыстар туралы білуге құмартуын, соларды бақылай білуге дағдыландыру қажет.(Табиғатты бақылау, сурет қарау, сурет бойынша әңгіме жүргізу, т.б.)
Көрнекілік әдіс – сабақ сайын жүргізілетін әдіс. Ойыншықтарды көрсету арқылы балалар сөз үйренеді, ауызша сөйлеуге дағдыланады. Рольге бөліп ойнайтын ойын баланың ойын өз бетінше тұжырымдап айтуына көмектеседі, сөздік қоры көбейеді.
Балалардың сөздік қорын молайтуға пәнаралық байланысты ескермей кетуге болмайды. Себебі, сауат ашу, қазақ тілі, айналамен танысу пәндерінің қай-қайсысы да балалардың ақы-ойы мен дүниетанымын кеңейте отырып, тілін ұстартып, сөздік қорын кеңейтуде шешуші роль атқарады.
Педагог Я.А.Коменский айтқандай: «Адам баласы білімді кітаптан ғана емес, аспаннан, жерден, ағаштан, тас, топырақтан да үйренуі керек. Заттар туралы түсінікті басқа біреудің айтуынан емес, оларды тікелей өзі бақылау, көру арқылы алудың артықшылығы, әрине, даусыз. Ал, бұл үшін бақылауды оқушыларға жергілікті жердегі объектілерден, өздерінің күнделікті көріп жүрген айналасынан бастау керек. Осыған орай, табиғат көрінісін бақылау мақсатымен саяхатқа шығу, табиғат туралы білімдерін толықтырады. Табиғат байлығының адамға пайдасын, оны игерудегі адам еңбегінің ролін таниды. Осының бәрі баланың эстетикалық сезімін оятып, сөздің қорын байытады.
Математика сабағының да балалардың логикалық ойлау қабілетін дамыта отырып, дұрыс сөйлеу дағдысын қалыптастыруға әсері зор.
Балаларға ребустар шештіріп, математикалық ойын есептер шығарту, берілген суреттер бойынша есеп құрату ақыл-ойының жаттығуымен қатар, сөздік қорын молайтуға да өзіндік себін тигізеді. Мысалы, әр түрлі геометриялық фигураларды көрсету арқылы олардың түрлерін(төртбұрыш, үшбұрыш, көпбұрыш, шаршы) ажыратқызуды алайық. Осы фигураларды өзара салыстыртып, олардың атауын ерекшеліктеріне байланыстыра айтқызу, балалардың ойланып жауап беруіне жетелейді. Демек, бала фигураларды танып қана қоймай, олардың сыртқы көрінісіндегі айырмашылықтарын көріп, оны сөзбен атайды. Яғни, өздерінің ой-тұжырымдарын сөзбен баяндау арқылы бала тілі ұстарып, қолданатын сөздерінің саны молая түседі. Дара заттарды ұқсас қасиеттеріне қарай топтастыру, топтастырылған заттарды әрқайсысына тән ерекшеліктеріне қарай жіктеу, соны өз сөзімен тәрбиешіге айтып жеткізу арқылы балада жүйелі сөйлеу дағдысы қалыптасады.
Ауызша тіл дамытудың тиімді әдістерінің бірі – сабақта ойын элементтерін қолдану. Айталық, сабақ арасындағы 3-5 минуттық үзіліс кезінде қимылмен әндете жаттығулар жасату даярлық топ балаларының бойын сергітіп, оқуға ынтасын арттырады.
Мен осы аталған әдістерді өзімнің сабақтарымда қолданып, пәнаралық байланыстарды сақтай отырып, қоршаған орта пәнінен «Мамандықтар» тақырыбында өткізген ашық сабағымды өмірмен байланыстырып, балалардың өз ата-аналарының мамандықтары жайында да айтып өттім және зерттеп жүрген тақырыбыма байланысты тіл дамыту әдістерін тәрбиешінің сөзі, әңгімелесу және сұрақтарға толық жауап беруін қадағалап, салыстырмалы әдіс бойынша суреттерді салыстырып және ажыратып, кітап бойынша білімді меңгертуде әліппе дәптермен жұмыс жүргізіп, дидактикалық ойындарда көрнекілік пайдаланып, экскурсия,
техникалық құралдарды, яғни жаңа технология слайдты пайдалана отырып және балалардың ауызекі сөйлеу дағдысын жетілдіріп, сөздердің тура және ауыспалы мағынасын түсіну үшін ашық сабағымда мақал-мәтел, өлең-тақпақтар ды да қолдандым. Мектепке дейінгі оқушылардың тілін дамыту жұмыстарын осындай бағытпен жүргіздім.
Алдағы уақытта да жеткен жетістіктерімен тоқталып қалмай, өз білімімді көтеру арқылы әдістемелік шеберлігімді де шыңдай беремін.
Қорытынды. Жақсы, білімді, білікті, құзыретті педагог – қай кезде де, ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті мол тұлға. Ол оқытудың жаңа технологияларын өмірге ендіруге дайын, оқу-тәрбие ісіне шынайы жанашырлық танытатын қоғамның ең озық бөлігінің бірі деп есептеймін.
Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы. – деп,
Ғ. Қайырбеков ақын жырлағандай, «ұстаздан шәкірт озар», «ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» ұстаз кішіге де, үлкенге де пір тұтар тұлға болғандықтан, педагог жаннан алған тәлім сапалы болмақ және тәрбиеленген шәкіртте қашанда өз ұстазына еліктеп, келешекте ұстазынан да білімді, талантты, әрқашан белсенді түрде танылады.
Ақырын жүріп анық бас.
Еңбегің кетпес далаға
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға. – даңқты да, әйгілі ақын Абай Құнанбаев атамыз айтқандай, педагог, яғни соның ішінде тәрбиешінің әр сөз тізгінін ұстап, талмай еңбек ету, балаларға жақсы деңгейде ізденіп, жаңашылдықпен және XXI ғасыр ғылым мен техниканың дамыған шарықтаған кезі болғандықтан, заман талабына сай жаңаша сабақ беру, оқыту әдісін ұйымдастырып, компьютер, интербелсенді тақтаны әр түрлі идеялармен безендіру арқылы, балаларға қызықты ғып үйрету – бұл жаңашыл, ізденімпаз ұстаздың басты міндеті деп ойлаймын. Осыдан бастап, сабақ берудің нәтижесі – бойына білім нұрын, шуағын сіңірген шәкірт бойынан көрініп тұрады.
Алға қойған мақсатым – жалпы мұғалім менің ойымша, ізденімпаз, білікті,жан-жақты, барлық жаңа технология бойынша сабақ өткізуге қабілетті, яғни құзыретті болу қажет. Сонда ғана, қызғылықты өткізілген сабақ нәтижелі болатыны белгілі.
Қорыта айтқанда, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – ұстаз деген ұлағаттың шайыры, беделі жоғары, шуағы мол шапағат, ол төккен нұрды тәлім алған шәкірт босқа жібермей, бойға сіңіре беру қажет.